Саламатты Қазақстан

23.04.2015

Бірінші байлық – денсаулық

Осы аптада Қарғалы орталық аудандық ауруханасының СӨС кабинетінің мамандары «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазыбай кен орнында орналасқан «ҚазЮжПром» ЖШС-нің жұмысшыларымен кездесіп, темекі мен насыбай, арақтың денсаулықтың түбіне жететіндігін жете түсіндірді.

Жұмысшылармен кездесу ауқаттану залында өтті. Түскі үзіліске келген кен қазушылар алдымен салауатты өмірдің маңызы, темекінің зияны туралы фильмнен ағзаға оның әкелер жан түршіктірер орасан қатерін өз көздерімін көрді. Содан соң ҚОАА-ның СӨС кабинетінің дәрігері Жазира Сексенбаева мен медбике Майра Бақтыбаева  арнайы слайдтар арқылы салауатты өмір салтын уағыздады.

Шындығында, қазіргі дамыған медицина темекі шегудің адамды «баяу өлімге» алып баратын бірден-бір зиянды зат екенін айтып, әрбір тал темекі адам өмірін 12 минутқа қысқартатындығын анықтаған. Жыл сайын дүние жүзінде темекі шегудің салдарынан 4 млн. адам қайтыс болады екен. Мұны жыл бойына әр күн сайын 25 авиалайнер апатқа ұшырап, сол себепті түгел ажал құшқан пассажирлердің санымен салыстыруға болады. Бүгінде жер шарында 1,2 млрд. адам темекі шегетін көрінеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, 1997 жылы темекіден 3 млн. адам қайтыс болған болса, бұл көрсеткіш жыл сайын 33 пайызға өсіп отырған. Бұл – бұл ма? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебіне жүгінетін болсақ, егер жағдай өзгермесе, онда таяу жылдарда жарты миллиард тірі адамның түбіне темекі жетуі мүмкін көрінеді. Бұл қолайсыз мәлімдеме үрейлендіріп, үркіту үшін емес, нақты факт негізінде жасалып отыр. 

Темекіден өзге қазір қауіп насыбайдан төніп тұр. «Құстың шошқасы» деп атайтын тауықтың саңғырығы қосылатын насыбай ауыз қуысын жара қылып қана қоймай, асқазан-ішек жолдарын зақымдайды. Насыбайға әуестік — ең алдымен — өз денсаулығыңа балта шабу. Осыны айтқан нарколог дәрігер Гүлмира Танабергенова «Ракпен ауылдас боламын демесеңіз, насыбайдан аулақ жүргеніңіз жөн», - деді.

Кездесуде жұмысшылар дәрігерлерге сауалдарын қойды. Темекіні ондаған жылдар бойы серік қылған азаматтар шылымды тастаудың әсітерін сұрады. Г. Танабергенова:

-Темекіні бірден тастауға қиналсаңыз, ең тиімді әдіс күнделікті шегетін шылым сандарын тәулігінен бір санға азайтып отырыңыз. Темекі тастаудың көптеген әдістері бар, шын ниет танытсаңыз бәріне де қол жеткізуге болады. Бұл мақсатта ҚОАА-да арнайы кабинет жұмыс жасайды. Соған келіп толық мәлімет алуға болады, - деп жауап берді.

Мұнан өзге АИТВ (СПИД) - адамның қорғаныш тапшылығының қоздырғышы туралы слайдттар көрсетілді. Оның жұқтырмаудың амалдары айтылды, бүктеме парақшалар таратылды.  «Сақтықта қорлық жоқ» дегенді айтқан дәрігерлер кездесу қорытындысында адамдардың өз денсаулықтарына өздері жауапты,  «Бірінші байлық – денсаулық» екендігін баса айтты.