Ақ халаттылар ардагерлерді ардақтады.
22.04.2015
Ұлы Жеңістің тойлануына бір ай ғана қалды. Мереке күннің құрметінен бөлек кезде де, Қарғалы орталық аудандық ауруханасы ұжымы ардагерлерді ұмыт қалдырған емес. Сәуір айының басында Қарғалы орталық аудандық аурухананың бас дәрігерінің м.а Берік Жаржанов бастаған топ ардагерлердің шаңырақтарына арнайы барып, хал сұрап, тартуларын жасады. Өкінішке орай, ауданда қатары сиреген ардагер аталарымыз үшеу ғана. Сұрапыл соғыстың куәгерлері іздеп келген ақ халатты абзал жандардың қарасына қуанып, ақ баталарын берді.
Өткен аптаның сәтті сәрсенбісінде Қарғалы орталық аудандық аурухананың бас дәргерінің м.а Берік Жаржанов арамыздағы аман-есен 90 жастың шылбырын ұстаған Қосестек ауылының қос ардагерін ардақтауға арнайы барды. Осындай игі іс-шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сабыржан Бисенов, Қосестек дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Гүлнар Сатыбалдиналар қатысты.
Ардагерлерге Алдияр Құрманғазиннің үйінен басталып, бүгінде қандай ем жасалып, әлеуметтік сала, ауыл әкімдері мектеп оқушыларының көмегі сөз болды. Келесі кезекте Петр Беленожконың үйінде де құрметке келгендер ақсақалдың қал-жағдайын біліп, әңгімеге тартты. Еһқұкі ардагер де дәрігерлік көмекке келгенде жергілікті ақ халаттылардың мақтауын жеткізіп, дәрігерлері Г. Сатыбалдинаға шаң жуытпай, «Осынша жасауымыз Алланың берген еншісі, қала берді Гүлнар қызымыздың мезгілінде көрсеткен емі мен бір ауыз жылы сөзінің арқасы», - деп ауылдас қыздарының беделін басшысының алдында бір көтеріп тастады. Расында еңбекті елегенге не жетсін. Ардагерлерді мереке алдында құттықтауға арнайы келген бас дәрігер қазақы сәлем,сауқатты да ұмытпапты. Әріптес қыздары дайындаған тіске басар шай тәттілерін қос қарияға ұсына, қажетті тегін дәрілерді тапсырды.
Ардагелер де ақ халаттыларға алғыстарын білдіре, «Жеңіс күнін бірге тойлауға аман жетейік!»,- деген үміттегі ақ тілектерін жеткізді.