Медицина қызметкерлері күні.
13.09.2015
Медицина қызметкерлері күні.
Адал қызметімен адамзат атаулының денсаулығын қадағалар дәрігерлер қауымына арналып, Алға ауданының мекеме, бөлім басшыларының, осы саладағы еңбек ардагерлерінің, аудандық аурухана қызметкерлерінің қатысуымен Алға қаласының мәдениет үйінде ұйымдастырылған салтанатты жиын еліміздің Әнұранымен басталды.
Медицина мамандарын алдымен Алға ауданы әкімінің орынбасары М.Жалғаспаев құттықтап, дендеріне саулық, еңбектеріне табыс, отбасылық бақыт тілеген жылы лебізін жеткізді, медицина саласының бір топ қызметкерлеріне аудан әкімі А.Шерияздановтың атынан «алғыс хаттар» табыс етілді.
Мерекелік шараға арнайы шақырылған Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы емдеу, аурудың алдын алу жұмыстарын үйлестіру бөлімінің басшысы Р.Рахиев әріптестеріне құттықтау сөзін айтып, жергілікті медицинаға еңбек сіңірген ардагер дәрігерлерге естелік сыйлықтарын ұсынды.
Алға аудандық аурухананың бас дәрігері А.Жанабаев мекере иелеріне жақсы лебізін арнап, медицина қызметкерлерін марапаттады.
Салтанатты жиын қонағы Алға аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Сейдалиев бірнеше медбикеге кәсіби шеберлігі үшін «Алғыс хат» пен мерекелік сыйлықтар тарту етті.
Осы аурухананы 24 жыл басқарған С.Тәженов үлкен жүректі жұмысымен құрметке бөленген медицина қызметкерлеріне Ақтөбе облысының дәрігерлері мен провизорлары ассоциясының «Мейірім» медалін табыстады.
Адам жанына араша болып, берген анттарына адал қызмет ететін дәрігерлер мерекесін аудан көркемөнерпаздары әнмен әрлеп, бимен, күймен көркемдеді.